Алматы облысында өртке қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Өрт қауіптілігі кезеңі басталғалы бері өңірдегі орман шаруашылықтарында жеті өрт оқиғасы болды. Салалық ведомство өкілдерінің айтуынша, олар Іле Алатауы ұлттық паркі мен Қарадала, Бақанас және Қаскелең орман шаруашылықтарында тіркелген. Алдын алу және шұғыл әрекет ету мақсатында әр ауданда мобильді топтар құрылып, рейдтер ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға полиция, құтқару қызметі мен орман шаруашылықтарының жүз шақты маманы жұмылдырылды. Тексеру барысында заң талаптарын өрескел бұзған 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 млн 800 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Өртке қарсы қауіпсіздікті күшейту жұмыстарына еріктілер де тартылуда. Олардың құрамында 1400 адам бар. Барлығы өрт сөндіруге қажетті техника, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.

Айғаным Мүсекенова, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

- 2025 жылы жеті өрт оқиғасы тіркеліп, жалпы аумағы 71 гектар орман алқабын қызыл жалын шарпыды. Одан мемлекетке 1 млн 486 мың теңге көлемінде шығын келді. Әсем табиғат аясында демалуға келген азаматтардың көбінде жауапкершілік жоқ. Қоқыс қалдырып, босаған қалбырлар мен сынған шөлмектерді жинамай, тастап кетуі өрттің шығуына себеп болады.