Иранның Жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеи Израильмен соғыс басталғалы көпшілік алдына алғаш рет шықты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

86 жастағы саясаткер Ашура қарсаңында Тегерандағы резиденциясындағы мешітте өткен қаралы шараға қатысты. Онымен бірге бірқатар жоғары лауазымды тұлға, соның ішінде парламент спикері де болды. Хаменеи ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Жетекшінің екі аптаға жуық көзден таса болуы күмән туғызған еді. 9News мәліметінше, ұрыс кезінде ол өміріне төнген қауіпке байланысты арнайы қорғалған бункерде жасырынған.

Еске салайық, қақтығыс Израильдің Иранға зымыранмен соққы беруінен басталды. Бұған АҚШ қосылып, Иранның үш негізгі ядролық нысанына шабуыл жасаған.

AP News мәліметінше, жауап ретінде Иран Израильге 550-ден аса баллистикалық зымыран атқан. Көпшілігі ұсталғанымен, шабуыл салдарынан 28 адам қаза тапты.

Ресми дерек бойынша, Иранда 900-ден аса адам мерт болып, мыңдағаны жараланған. Алайда HRANA сынды тәуелсіз ұйымдар нақты шығын бұдан көп, яғни шамамен 1 190 адам қаза тапқан дейді.

Ядролық инфрақұрылым нысандары да зақымданған. МАГАТЭ бұл нысандарға қол жеткізе алмай отыр, ал Иран президенті агенттікпен ынтымақтастықты уақытша тоқтатуды бұйырды.

Екі тарап 12 күн бойы бір-біріне соққы жасады. 23 маусым кешкісін Тегеран Катардағы АҚШ базасына шабуыл жасап, әрі қарай шиеленісті ушықтыру ниеті жоқ екенін мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget