Кәсіпорында жылына 5 миллион жеке қорғаныс құралы шығаруға қауқарлы.
Жобаны жүзеге асырушы – "Ulytau Industrial Company" ЖШС.
Зауыттың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі экономиканы әртараптандыру мақсатында атқарылып жатқан осындай жобалардың маңызына тоқталды.
– Облыс әкімдігі инвестицияларды тарту және кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын басым міндет ретінде қарастырады. Біз инвесторларға қолайлы жағдай жасауға, тиісті кедергілерді азайтуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған шараларды жалғастыра береміз, – деді ол.
2025 жылы өңірде жалпы құны 138 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Мұнан бөлек, 2028 жылға дейін жалпы сомасы 917 млрд теңгеге 22 жобадан тұратын инвестициялық пул қалыптастырылып отыр. Бұл бастама 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік сыйлайды.
– Қазіргі уақытта Ұлытау облысының өндіріс, кәсіпорындарын қамтамасыз етеміз. Күзге қарай қуаттылығымызды арттырып, Қазақстан нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Ол уақытта өнімдеріміздің саны артып, қызметкерлер саны да көбейеді, – дейді инвестор Қалмұрат Мәдишев.
Еске салайық, экономиканы әртараптандыру мақсатында 2024 жылы Ұлытау облысында жалпы сомасы 34 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл жобалар 200-ден астам жаңа жұмыс орнының құрылуына себепкер болды. Былтыр негізгі капиталға 226,5 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 89%-ы жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі саналды.