Қазақстанда ауызсу мәселесі ушығып тұр. 2025 жылдың алғашқы алты айында су сапасы мен қолжетімділігіне байланысты 30 мыңға жуық азамат ресми түрде шағым түсірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл – жүйелі проблеманың айқын көрінісі. Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов осы мәселеге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, тұрғындар күн сайын су тапшылығы мен сапасына байланысты дабыл қағуда.

“Жаңаөзенге су жеткізуі тиіс Кендерлі су құбырының құрылысы созылып кетті. Жезқазған қаласында тұрғындар он жылдан бері қайта жаңғыртылып бітпеген су тазарту нысандарынан зардап шегуде. Бұл – еліміздегі су инфрақұрылымының мүшкіл жағдайын көрсетеді” — деді Бектенов.

Премьер-Министр мемлекеттік органдарға аталған жобаларды дереу аяқтап, елді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырды. Жауапкершілік Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, биыл су саласына 100 миллиард теңге бөлінген. Алайда бұл қаржы нақты нәтиже бермей отыр.