Түркия Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздің келесі кезеңін өткізуге дайын .

Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар атысты тоқтату және гуманитарлық мәселелер бойынша өз ұстанымдарын алдын ала жеткізген. Ресми Анкара бұған дейін де бейтарап алаң ұсынған еді. 16 мамыр және 2 маусым күндері Ыстамбұлда өткен екі раунд барысында тараптар әскери тұтқындар мен қаза тапқан сарбаздардың мүрделерін алмасуға келіскен. Соңғы кездесуде атысты тоқтату туралы ұсыныстар жазылған меморандумға қол қойылды.

Ресей президенті Владимир Путин келіссөздің үшінші кезеңі тұтқындар алмасу аяқталған соң өтуі мүмкін екенін айтса, Украина тарапы: «Гуманитарлық мәселелер шешілгеннен кейін басталады», — деп отыр. Украина барлау қызметінің өкілдері Ыстамбұл келісімі аясында тұтқындар алмасу процесі тұрақты жүріп жатқанын хабарлады.

Хакан Фидан, Түркияның сыртқы істер министрі:

- Тараптармен байланысқа шықтым. Екінші раундта қабылданған шешімдердің орындалуы аяқталуға жақын. Екі жақтың да келіссөздерді жалғастыруға ниетті екенін байқаймыз. Ресей тарапы бұл туралы ресми мәлімдеді. Біз келіссөздерге алаң ұсынуға дайынбыз. Ең бастысы, қақтығыстың өршуіне жол бермеуіміз керек.