Ақтауда Жұмысшы мамандықтар жылы құтқарушылар дайындалатын оқу-жаттығу полигоны қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24kz.

Енді студенттер кәсіптік білім беру ұйымында өндірістік тәжірибеден өте алады. Бұған дейін олар төтенше жағдайлар департаментіне қарасты құрылымдық бөлімшелерде біліктілігін арттырып жүрді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Болашақ құтқарушылар 4 жыл оқиды. 18 жасар Жанатбек Аманжолов – биыл колледжді бітіретін түлектің бірі. Диплом алған соң Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге барғысы келеді. Кейін туған жерге оралып, нағыз құтқарушы болуды армандайды.

Жанатбек Аманжолов, студент:

- Оқып жатқан мамандығым құтқару жұмыстары, төтенше жағдайда қорғау. Біз өзіміздің мамандығымыз бойынша 2024 жылы осы Маңғыстау облысынан қатысып, Көкшетауда өткен республикалық жарыста жүлделі орындарды алдық. Маған бала кезімнен адам өмірін құтқарған ұнайды. Жалпы бұл ер адамдардың мамандығы ғой ең алдымен.

Арнайы мақсаттағы полигонда оқу-жаттығу мұнарасы, құтқарушылардың құрал-жабдығын жөндеу шеберханасы бар. Студенттер өндірістік алаңда адам құтқару операцияларының қыр-сырын меңгереді. Барлық жаттығулар шынайы сәтке мейлінше жақын жағдайда өткізіледі. Мамандар бұл полигонның кәсіби білікті кадрларды дайындауға оң ықпал етеріне сенімді.

Ертай Жұмабек, колледж директорының орынбасары:

- Әр білім алушы биіктегі қабатқа көтеріліп, түсу арқылы адам құтқару жұмыстарының, жұмысқа орналасқан кезде өздеріне алдағы уақытта оңай болуы үшін осындай оқу мұнарасын құрған болатынбыз. Балалар өрт құралдар-жабдықтарымен дайындалады. Білім деңгейі көтерілгеннен кейін біз өзіміздің серіктес компания – Төтенше жағдайлар департаментіне, өрт сөндіру бөлімдеріне балаларды практикаға жібереміз.

Салауат Жұмабаев, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының аға инженері:

- Осында оқитын студенттердің жалпы төтенше жағдайлар бойынша сапалы мамандарды дайындау бойынша өздерінің біліктілігін арттыруға және бізге жұмысқа келген жағдайда дайын маман болып келуіне үлкен септігін тигізеді.

Кәсіптік білім беру ұйымында 1250 студент бар. Жүзден астамы «Төтенше жағдайда қорғану» құзыреттілігі бойынша білім алуда. Алдағы уақытта оқу-жаттығу полигонының аумағын ұлғайтып, «Жерасты оқыс жағдайдан қорғану» мамандығын ашу күн тәртібінде тұр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев