Астанада әйгілі тенор, танымал опера әншісі Хосе Каррерастың шығармашылық концерті өтті.

Талғампаз тыңдарман жиналған музыкалық кештің көрігін отандасымыз Әйгерім Алтынбек қыздырды.

Маэстромен бір сахнада ән шырқаған жас әнші үшін бұл тарихи сәт.

ХХ ғасырдың соңында дүниежүзі бойынша танылған үш тенор болса, соның бірі Хосе Каррерас. Музыкалық талғамы жоғары жұртшылық әлемге әйгілі опера әншісін тыңдамаққа Роза Бағланова атындағы орталық концерт залына жиылды. Бірақ, әуелеген ән кешін маэстро жалғыз өткізген жоқ. Сахнадағы серігі сопрано дауысты Әйгерім Алтынбек. Ол тақауда ғана әйгілі «Ла Скала» театры академиясының тағылымдамасына қабылданған. 400-ден астам үміткердің ішінен оза шауып, үздік 12 орындаушының қатарына іліккен. Енді міне Астанаға әдейі келген аңыз тенормен кеш бойы бірге ән шырқады.

Тәжірибелі маэстро мен жас әншінің албырттығы тамаша тандем болды. Көрермен қауымның көңілінен шыққанын аңғару қиын емес.

БЛИЦ:

- Ер азамат. Сөз жоқ. Тек қана эмоциялар. Керемет, бұл кісінің өнеріне осы жасқа жеткен кезде куә болу бір ғажайып дүние деп ойлаймын. Кейбір сәттерде денемізден мурашка дейді ғой орысша, тітіркеніп, сондай әсерде болдық. Сопраноның шыңдалған түрі. Жақсы әсер алдық.

Хосе Каррерастың тенор даусы әлемнің алтын қорына енгізілгенін білеміз. Мен 2000 жылдары Алматыдағы кешінде болғанмын. Сол кезде ол лейкемияны жеңіп шыққан еді. Маэстро әлі де тың екен. Әндерді керемет орындады. Ал Әйгерімнің болашағы зор. Өнер жолында тек сәтілік тілеймін.

- Ой өте жақсы. Мен бұрын оны естіген жоқпын. Алтынбекова, ия? Өте жақсы, маған ұнады.

Әйгерім Алтынбек Хосе Каррераспен ән кешіне бір-ақ күн ғана дайындалғанын айтады. «Жан дүниесі өте сезімтал маэстро маған жылы лебізі мен шексіз қолдауын білдіріп, сахнаға сеніммен шығуға көмектесті», дейді Әйгерім.

Әйгерім Алтынбек, опера әншісі:

- Бұл жерде енді бұрың-соңды орындаған шығармаларым бар. Және жаңа шығармалар да бар. Маэстро Хосе Каррераспен орындаған шығармаларымның барлығы жаңа, өздеріңіз кеше естіп жатырсыздар ғой, Ла Скала академиясының дайындығымен тез, жылдам түрде жаттауға мәжбүр болдым. Алайда айтып шықтым деп ойлаймын ойдағыдай. Маэстроның ең бастысы жылы лебізін ғой тыңдау. Ол кісіге қатты ұнады. Ол кісі де айтты, сізбен жұмыс істеген өте ыңғайлы. Сондықтан болашаққа деген керемет жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Бұған дейін Әйгерім Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына орайластырылған халықаралық опера әншілері байқауында жеңімпаз атанып, италиялық опера әншісі Мирелла Френидің арнайы сыйлығын иеленген. Сондай-ақ 500-ге жуық өнерпаз бақ сынасқан Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсында үздік үштіктің қатарынан көрінді. Ал апта соңына қарай Андреа Бочеллимен Неаполь қаласының сахнасында қосыла ән шырқамақ.

Бақыт Топтаева, Артур Горшняков