Қазақстанда жаңа банк пайда болды. Оңтүстік Кореяның «BNK» коммерциялық банкі» жұмысын бастауға әзір. 2023 жылы мемлекет басшысы елге сенімді шетелдік банктерді тартып, қаржы секторындағы бәсекелестікті арттыру туралы тапсырма берген. Бұл жұмыстар соның аясында атқарылып жатыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова BNK Commercial Bank басшылығына лицензияны салтанатты жағдайда табыстады. Бұл Қазақстанда 2010 жылдан бері берілген алғашқы банктік лицензия. Аталған іс шаралар мемлекет басшысының елге сенімді шетелдік банктерді тартып, осы саладағы бәсекелестікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жасалды.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Бұл біз үшін маңызды оқиға. Банк былтыр барлық қажетті іс-шарадан өтті. Біз оларға алдымен микроқаржы ұйымынан банкке ауысуға рұқсат бердік. «BNK Finance» Қазақстанда микроқаржы ұйымы ретінде 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өткен жылы банкке ауысуға рұқсат алды. Бүгін, міне, банктік лицензия бердік.

BNK Commercial Bank халықаралық қаржы холдингі Оңтүстік Кореяның BNK Financial Group құрамына кіреді. Активі 103 млрд АҚШ доллары. Банк Қазақстанда цифрлық сервистерді дамытады. Шағын және орта бизнестің дамуына 10 млрд теңге инвестиция құяды.

Ким Сонг Джу, BNK Capital директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз жұмысымызда Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйенеміз. Соған сәйкес шағын және орта бизнес өкілдеріне барынша назар аударылады. Әріптестермен бірге кәсіпкерлікті дамытуға ыңғайлы цифрлық шешімдер мен өнімдерді ұсынамыз.

Банк жақын арада заңды тұлғаларға қызмет көрсетуді бастайды. Ал депозитке кепілдік беру жүйесіне қосылғаннан кейін жеке тұлғалар үшін де қолжетімді болады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдыкбаев