Тараздың 85%-ін жылумен қамтып отырған «Тараз энерго орталығын» жаңғыртуға биыл 1 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ. Қазір қазандықтар толық жөнделіп, генераторлары жаңартылып жатыр. Нысандағы жоспарлы құрылыс жұмыстарын алдағы жылыту маусымына дейін аяқтау көзделген.

«Тараз Энерго орталығы» 2018 жылы жеке инвесторға сенімгерлік басқаруға берілген. Бірақ сол кездегі иесі нысанға бір де бір тиын салмай, керісінше, құрдымға жіберген. Соның кесірінен 2021 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі 600 миллион теңге болатын заңбұзушылықтарды анықтады.

Бек Момбаев, Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:

- ТЭЦ АҚ тарифтік сметаның орындалуы және инвестициялық бағдарламаның орындалуы 600 миллион теңгеге орындалмады деп бұйрық шығарып, ТЭЦ-тің тарифі 15% төмендетілді. Дәл сол кезде бізге ТЭЦ-тің тарифті 3 есе көтеру жөнінде өтінім тасталған. Ол өтінімді қарау барысында Қаржылық мониторинг агенттігінде өтінім қараусыз қайтадан қайтарылды.

Жылыту орталығы 2023 жылы мемлекет меншігіне алынды. Содан бері инвестициалық бағдарлама арқылы бірнеше қазандық күрделі жөндеуден өтіп, электр энергиясын өндіретін турбогенераторлар жаңартылды. Бұл жұмыстарға былтыр 700 миллионнан аса теңге жұмсалса, биыл 1 миллиард теңге бөлінді.

Жұмабек Бөлекбаев, «Тараз энерго орталығы» АҚ директоры:

- 2023-тен бастап айлықты осы таңға дейін 50% көтердік. 192 мың теңгеден 288 мың теңгеге дейін қазір айлық көтерілді. Қазан айында тағы да қызметкерлердің айлығын көтеруге мүмкіндігіміз бар. 15-20% көтереміз деген жоба жасап отырмыз. Біз бұған дейін шығынға батып отырған мекеме едік, қазір кіріс бар.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті мекемеге тарифті өсіру бойынша 5 жылдық жоспар бекітіп берді. Нәтижесінде жылыту орталығы былтыр алғаш рет 50 миллион теңге пайда тапты. Ал биыл бес еседен жоғары пайдаға кенелмек. Қаражат ескірген құрылғыларды жаңартуға жұмсалады. 1961 жылы салынған нысанның 78% тозығы жеткен.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә