Абай облысында құны 2,7 триллион теңге болатын 38 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Осылайша 8 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жаңа өндірістер ашылады. Қазір «Өндіріс» индустриялық аумағын 100 гектардан 600 гектарға дейін ұлғайту көзделген.

Қазір өңірде инвесторларға қолдау көрсету үшін инвестициялық штаб құрылды. Оған прокуратура, Мемлекеттік кірістер департаменті мен квазимемлекеттік сектор өкілдері мүше. Ал жобаларға қажетті жер телімдерін бөлу үшін арнайы үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.

Айбек Рахымбеков, кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

- Соңғы төрт ай ішінде инвестиция тарту бағытында жұмыс айтарлықтай жанданды. Облыс әкімі инвесторлармен 60-қа жуық кездесу өткізді. Оған қытайлық, түркиялық компаниялар, сондай-ақ жақын шетелдер мен отандық ірі инвесторлар қатысты.

Шетелдік инвесторларды көптеп тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жақында облыстан делегация Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына барып, халықаралық конференцияға қатысты. Сол жерде 1,5 миллиард доллардан асатын 15 меморандумға қол қойылды. Қазір Семейде чип пен электронды құрылғылар шығаратын зауыттың құрылысы басталды.

Жарқын Трушев, өндіріс орнының бас директоры:

- Мысалы, жарық диодтарына келетін болсақ, бізде 1 млрд 200 млн жылына дана болып жоспарланып отыр. Шамдарға келетін болсақ, ол 3 млн дана. Дисплейлерге келетін болсақ, ол 60 мың дана дисплей.

Қытайлық серіктестермен 5 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде мыс балқыту зауыты, ағаш өңдеу комбинаты, көмір-химия зауыты сияқты өндіріс орындары ашылмақ.

Абай облысындағы әр инвестициялық жоба өңірдің экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов