Қаржылық алаяқтық, пирамида, дроптар, криптовалюта мен цифрлық қауіптер бүгінгі қоғамның басты қатеріне айналып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастырумен өткен «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форумда айтылды. Жиында тағы қандай мәселелер қозғалды?

Қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемаларға қарсы халықтың иммунитетін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеті. Ол үшін алдымен тұрғындардың қаржылық сауаттылығы мен қауіпсіздігін арттыру қажет. «Бүгінгі жаһандану, ақпараттық ағын мен технологияның ілгерілеу кезеңінде «Заң мен тәртіп» қағидасы бұрынғыдан да өзекті», – дейді форумды ұйымдастырушылар.

Ерболат Балғабаев, Экономикалық тергеу департаментінің бастығы:

- Әлеуметтік теңсіздік, қаржылық алаяқтық, интернеттегі қылмыстар, көлеңкелі экономика сияқты қауіптер қоғамда жүйелі тәртіп пен заң үстемдігіне деген сұранысты күшейтті. Заң үстемдігі болмаса, қоғамда сенім жоғалады. Әділетсіздік жайлаған жерде тұрақтылық болмайды.

Мәселен, өткен жыл облыс аумағында қаржылық алаяқтыққа қатысты 4 қылмыстық іс қозғалып, 34 күдікті жауапқа тартылды. Келтірілген шығын 300 млн теңгеден асады. Жиынға қатысқан спортшылар қоғам дертіне айналған мұндай келеңсіздікке «Заң мен тәртіп» қана кепіл бола алатынын айтты.

Сәкен Бибосынов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:

- Біздің спортта болсын, өмірде болсын заң мен тәртіпке бас ию керек. Заң мен тәртіп – кез келген елдің тірегі. Қоғамда тыныштық пен әділет болу үшін әр азамат заңға бағынып, өз жұмысын адал атқарса, еліміз дамыған елдердің қатарында болатынына кәміл сенемін.

Форум барысында кәсіби мамандар тұрғындарға күнделікті өмірде жиі кездесетін қаржылық алаяқтық, заңсыз инвестициялық жобалар мен олардың зардабы туралы маңызды ақпарат берді. Нақты фактіге негізделген интерактивті ойындар мен театралды қойылым көрсетілді. Жиын соңында ақпараттық ағартуда белсенділік танытқан сала мамандары марапатталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш