Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары» ұлттық жобасының өңірлік кезеңі қорытындыланды.
Дәстүрлі шараға биыл Маңғыстау облысынан 90 іскер азамат қатысты. Олардың арасында шағын кеме құрылысы, косметикалық бұйымдар өндірісін қолға алған бизнес өкілдері де бар. Аймақта бұрын болмаған кәсіпкерлік жобалар аясында жаңа жұмыс орындары құрылған. Байқау жеңімпаздары енді республикалық кезеңде өлке намысын қорғайды.
Суретші Алдаберген Тіленбаевтің ірі қара сүйегіне жазған туындылары көпшілікті қайран қалдырды. Бейнеу ауылының тумасы түйенің жауырын сүйегіне суреттерді ойып түсіріп, қазақтың салт-дәстүрін шебер көрсете білген. Ерекше үлгідегі кәдесыйлар шетелде өткен көрмеде жоғары бағаланыпты.
Алдаберген Тіленбаев, суретші:
- Жұмысымда көбінесе жергілікті тематика – табиғат, Бекет ата, Бозжыра бейнеленген. Бұл өте күрделі процесс. Сүйекті қайнатып, майынан ажырату керек. Көбіне бұл жұмыстарды шетелдіктер алады. Облысымызға келіп жатқан қонақтар алады. Бейнеу ауданының Сарға ауылында оқушыларды осы өнерге баулып жатырмын.
Бұл Жаңаөзенде өсірілген құлпынай. Суы тапшы, климаты ыстық өңірде кәсіпкер жылыжай егіп, айына 2 тонна жеміс алып отыр. Ол өсімдік тамырының кокос үгіндісі араласқан субстратта тез жетілетінін айтады. Осылайша гидропоника тәсілімен, яғни топырақсыз ортада егін шаруашылығымен айналысып келеді.
Аманқос Мінтұрғанов, фермер:
- 2 мың шаршы метрге жылыжай салдық. Суды үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесімен жұмыс жасаймыз. Сосын қазір күн ыстық, 40 градуста құлпынай өспейді. Салқындатқыш жүйе орнаттық, құлпынайға керегі 20-25 градустың арасында өнім береді. Төрт жұмысшым бар.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңі осымен 17-ші рет ұйымдастырылды. Көрмеге жергілікті кәсіпкерлер өндірген бір мыңнан астам тауар қойылды. Бизнес өкілдерінің дені «Бір ауыл-бір өнім» жобасының аудандық кезеңінен өткендер. Сарапшылар тобы байқау жеңімпаздарын «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша саралаған.
Аққу Айтжанова, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Бізде жылдан жылға кәсіпкерлердің өндіретін тауарлардың түрлері өзгеріп келе жатыр. Осы жылдың ерекше тауарларын айтып кететін болсақ, өрт сөндіру құрылғылары шығарылатын болды. Маңғыстау облысында, сосын форель балығын өсірушілер шығып жатыр. Қант сироптары шығып жатыр. Ол да ерекше өндіріс.
Биыл топ жарған кәсіпкердің бірі Ақшұқыр ауылында түйе және ешкі сүтінен 12 түрлі ірімшік шығарады. Іскер әйел 100 бас аналық ешкіден айына 3,5 тонна сүт өндіріп, 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Александра Григолова, кәсіпкер:
- Бізге бұл марапат Маңғыстауда түйе сүтінен ірімшік өндірісін жолға қойғанымыз үшін берілді. Қуанышымызда шек жоқ. Жаңа өнімге сұраныс күннен күнге артып келеді.
Алдағы уақытта Маңғыстаудың намысын 9 кәсіпкер қорғайды. Жалпы ұлттық байқаудың ақтық кезеңінде 27 бизнес өкілінің есімі аталады. Әр номинация бойынша онлайн дауыс беру арқылы анықталған жеңімпаздар Мемлекет басшысының қолынан марапат алады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев