Балқаш көлінің Жетісу облысына тиесілі жағалауын дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Былтырғы жылы 27 шақырым Лепсі-Балқаш жолы пайдалануға берілсе, биыл қалған бөлігі жаңартылды. Сондай-ақ Лепсі ауылына заманауи темір жол вокзалын салу жоспарланған. Балқаш көлі – таяз, ағынсыз әрі емдік қасиетке ие болғандықтан жыл сайын келушілер толастаған емес. Жағалаудың инфрақұрылымын дамыту-туризімге жаңа жол ашпақ.
Балқашқа дейінгі жолды толық пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. Алайда жауаптылар мерзімінен бұрын межеге жетеміз, деп отыр. Шомылу маусымына байланысты жолдың жүріс бөлігі ашылған. Енді көлге жету әлдеқайда жеңіл. Ендігі мақсат бірнеше жерде санитарлық торап пен заманауи аялдама салу дейді жауаптылар
Ғалымжан Дәрібаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Талдықорған Өскемен трассасынан осы Лепсі ауылына дейінгі участок бізде 105 шақырымды құрайды. Бүгінде толықтай асфальт жамылғысымен қамтамасыз етілді. Тек 40 км-ден аса беткі қабаты қалды. Қалған мына жүріс бөлігін ашып отырмыз.
Бұдан өзге өңірде 36 шақырым электр желісінің 16 шақырымы тартылып, 325 баған орнатылды. Ал сумен қамту жүйесі 100 пайызға дайын. Ол үшін 32 шақырым құбыр жүргізілген. Сондай ақ 17 шақырымдық кәріз жүйесі де тартылып, толықтай іске жарап тұр.
Айдос Бекетаев, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
Негізі жұмыс 2026 жылы бітуі керек болған. Бірақ біз қазір алдын ала жұмыстардың бәрін атқарып, алпыс пайызы осы жағалауда жұмыстар бітіп тұр.
Жағалауда туристер үшін жалпы алаңы 1682 гектар жаңа демалыс аймағы салынады. Ол үшін мемлекеттік сараптама қорытындысы дайын деп күтілуде. Нәтижесінде жағажайда арбат, сауда саттық орындары мен ойын сауық орталықтары бой көтереді. Өзгерістің алдын көлге келушілер де байқаған.
- Бұрынғыдай емес, жету тез. Жыл сайын демаламыз келіп. Биыл өзгерістер байқалады.
Көл жағалауына келушілердің қазіргі саны 50 мыңнан асады. Қажетті инфрақұрылыммен қамтылса, мұнда маусымына 450 мыңнан аса адам демала алады. Демек аймақтың туристік әлеуеті жақсармақ. Жоспар іске асса 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Дамир Нұрмұхамет