Ақтауда шетелдік дәрігерлер күрделі операцияларды тегін жасап жатыр , деп хабарлайды 24kz.

Бірнеше елден келген мамандар облыстық көпбейінді аурухана, орталық перзентхана мен балалар емханасында 20 маусымға дейін қабылдау жүргізеді. Олар асқазан-ішек, бүйрек, жатыр ауруларына шалдыққан науқастарға, лапороскопиялық тәсілмен операция жасайды.

«Мұндай операциядан кейін науқас тез оңалады», — дейді дәрігерлер. Ақтау биыл түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алды. Соның аясында қалада Каспий маңы елдері эндохирургтерінің екінші пәнаралық конгресі өтіп жатыр. Мамандар тәжірибе алмасып, маңғыстаулық дәрігерлерге шеберлік сабағын өткізеді.

Серік Тоқпанов, медицина ғылымдарының докторы:

- 90-жылдары біз тек қана осы технология арқылы өт қапшығын алып тастаушы едік. Жарықты, соқыр ішекті деген сияқты. Қазіргі заманда бұл технологияның арқасында біз онкологиядық операцияны жасай береміз. Урология, гинекологияны. Соған жеткілікті аспаптар бар әдейілеп дайындалған. Жас мамандарды жинап, осындай оқыту мәселесін көтеріп жатырмыз.

Талғат Мұқантаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі:

- Ақтауда Каспий маңы елдері эндохирург-дәрігерлерінің бірінші конгресі 2019 жылы өтті. Оған 300-ден астам делегат қатысты. Бұл жолғы шарамыз да ауқымды. Күрделі операцияларды жасау барысын жергілікті аудан-қаладан келген дәрігерлер көріп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуда. Бұл өзге мемлекетке барып біліктілік арттырумен пара-пар шаруа десек, қателеспейміз.