Биыл Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымы 8,6 млрд долларға жетті , деп хабарлайды 24kz.
Еліміз қаңтар-сәуір айларындағы дерек бойынша 3,6 млрд доллардың тауарын экспорттаған. Ал импорт – 5 млрд доллар. Шығыстағы көршімізге негізінен минералды және отын-энергетика өнімдері, металдар мен химиялық өнеркәсіп тауарларын жеткіземіз. Ал олардан көлік, құрал-жабдық, құрылғы мен аппараттар аламыз.
Айта кетейік, былтыр тауар айналымындағы Қытайдың үлесі 27%-ке жетіп, Бейжің басты сауда серіктесімізге айналды. Одан бөлек, Қытай Қазақстан экономикасында инвесторлардың топ 5-іне кіреді. Соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде қытайлық инвесторлар біздің экономикаға шамамен 26,4 млрд доллар құйған. Бүгінгі таңда Қазақстан-Қытай инвестициялық пулында 224 жоба бар. Оның құны 66 млрд доллар. Сәтті жүзеге асса, 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.