Шығыс Қазақстан облысында электр желісінің қосалқы станциясы отқа оранды, деп хабарлайды 24kz.

Өскеменде осындай оқиғаға негізделген электромонтерлердің командалық оқу-жаттығуы өтті. Мамандар төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтап, апатты жою жұмыстарын жетілдірді. Сонымен қатар зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өзара сынға түсті.

Апат аймағындағы жұмыс жылдам әрі сапалы жасалуы тиіс. Сондықтан жарысқа қатысушыларға уақыт шектеуі қойылған. Мәселен, электр панеліндегі өрт 20 секундта өшіріліп, зардап шеккендер 5 минутта эвакуациялануы керек.

Мейірбек Тілебалды, жарысқа қатысушы:

- Бұл жарыста жеті кезеңнен тұрады. Оның ішіндегі ең ерекшесі, ең пайдалысының бірі тоққа түскен адамды құтқару болып саналады.

Жарыста жылдамдықпен қатар қауіпсіздік талаптарына баса мән беріледі. Сондықтан мамандар әрбір жұмысты дауыстап айтып отырып істейді. Сол арқылы қателікке бой алдырмай, жоғары кернеулі электр желілерін тоқтан ажыратады. Одан кейінгі кезеңде қондырғыны жөндеп қалпына келтіруге кіріседі.

Дәурен Жапашев, Еңбек қауіпсіздігі қызметінің басшысы:

- Аталған жарыс бірінші кезеңде кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған. Себебі біздің электромонтерлер аптасына жеті күн, 24 сағат сақадай сай тұрады. Төтенше жағдай бола қалса, бірден оқиға орнына шығып, өзіне жүктелген міндетті орындайды.

1960 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылатын кәсіби байқауға жастар мен қатар тәжірбиелі шеберлер де қатысып жатыр. Қауіпті мамандық иелері өзара сынға түсу арқылы шеберліктерін шыңдайды. Вячеслав Плешаковтың командасы жарысқа Таврия ауылдық округінен келді. Олар 300 шақырымнан аса электр желілеріне жауапты.

Вячеслав Плешаков, инженер:

- Тапсырманың барлығы қауіпсіз әрі талапқа сай жылдам орындалуы керек. Себебі цифрландыру заманында электр тоғына деген сұраныс жоғары. Қолданатын құрылғылардың бәрі тоқпен жұмыс істейтіндіктен электр жарығын үздіксіз беруге тырысып келеміз.

Сала мамандары Абай және ШҚО-дағы 22 ауданды электр жарығымен қамтамассыз етеді. Биылдың өзінде олар 868 рет апат орнына барып, үзілген желілерді жалғады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Вячеслав Ветлугин Дмитрий Пыхтин