Түнде толассыз жауған жаңбыр салдарынан Түркиядағы Трабзон қаласын су басып, бір адам із-түзсіз жоғалды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Milliyet басылымына сілтеме жасап.

Төтенше жағдай салдарынан ондаған үй мен ғимаратты су басқан, жолдар бүлінген.

"Нөсер жауын шамамен түнгі сағат үш шамасында басталды. Әсіресе, Беширли мен Молоз аудандары қатты зардап шекті. Ескі жағалау жолында су жиналып қалды. Бизнес орталықтарын, автотұрақтарды, мектептер мен ауруханаларды су басты", – деп жазылған хабарламада.

Трабзон губернаторы Азиз Йылдырымның айтуынша, жедел жәрдем желісіне 278 қоңырау түскен, оның 267-сі Ортакхисар ауданынан.

Акчаабат ауданында 72 жастағы ер адам жоғалуына байланысты іздеу жұмыстары басталды.

Билік өкілдері су басқан аумақтағы электр бағаналары мен трансформаторларға байланысты қауіп болуы мүмкін екенін ескертті.

"Апат салдарымен күресуге төтенше қызмет пен коммуналдық құрылымның 460-тан аса қызметкері жұмылдырылды, 16 автоцистерна, 20 техника, 24 арнайы техника және 50 көлік тартылды", – деп жазылған хабарламада.

"Біз табиғи апатты бастан өткердік", – деді Ортакхисар мэрі Ахмет Кая.

Еске салайық, бұған дейін Түркияның Мугла провинциясында магнитудасы 5,8 балл болатын жер сілкінісі тіркелді. Зардап шеккендер бар, бір адам қаза тапты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget