Елімізде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби өсуін ынталандыратын қосымша тетіктер енгізілмек.

Яғни мемлекеттік қызметшінің білімі, еңбек өтілі, біліктілігін арттыру мақсатында өткен тағылымдама нәтижелері ескеріледі. Бұл «Б» корпусы қызметшілеріне лауазымдық жоғарылауды күтпей немесе басқа мемлекеттік қызметке ауыспай-ақ мансаптық өсуіне жол ашпақ. Бұл туралы бүгін Maqsut Narikbayev университетінде өткен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң жобасын талқылауға арналған жиында айтылды. Оған мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаттары сондай-ақ Конституциялық Сот пен өзге де мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Заң жобасында мемлекеттік қызметтегі ішкі конкурстарды жою қарастырылған. Бұл кадрлық іріктеу мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартуға жол ашады. Жоба мемлекеттік қызметті дамытудың 2024 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдама аясында әзірленді. Құжат жыл соңына дейін Парламентке енгізіледі деген жоспар бар.

Салауат Мүксімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Адами факторды болдырмау мақсатында сол заң қабылданғаннан кейін барлық іріктеу процестері тек цифрлық форматта өтеді. Ол сол вакансия жариялаудан бастап, өтініш беруден, іріктеу кезеңдерінен, тағайындауға дейін әр сол іріктеуге қатысып отырған кандидат, ол туралы ақпарат барлығы жасырын болады. Қазіргі уақытта біз арнайы кезеңді қарастырып отырмыз. Ол жасанды интеллект арқылы болуы ықтимал. Сондықтан агенттік қазір заңды толықтай жүргізумен қатар сол цифрлық мәселелерді шешуде.