«Қазақстан Еуразиядағы, әсіресе Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегі".

Әлемге әйгілі "әл-Жазира" телеарнасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан эксклюзивті сұхбат алып, бас тақырыбын осылай атаған. Қатардың әлемге хабар тарататын ақпарат құралы бұл сұхбатты Астана халықаралық форумына орай орайластырған.

Президент сұхбатта: " Арманым Қазақстанның болашақта толыққанды цифрлы елге айналуы" дейді. Сонымен бірге жағдайға нақты қарауымыз керек деп, экономиканың көмірсутексіз секторын кеңейту жайында ой қозғайды. Сұхбат кезінде мемлекет басшысы "Жаңа Қазақстан" бағдарламасы іске қосылған 3 жылдың ішінде еліміз ілгері жылжып, елеулі өзгерістерге жол ашты деп мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

"Біз сенімді түрде алға қарай жылжып келеміз. Әрине бұл үдеріс оңайға соғып жатқан жоқ. Дегенмен, біз аталған реформаларды қолға алғанда, Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде көптеген оқиға басталып кетті. Біз әділ әрі нақты іске ұмтылуымыз керек. Сонымен қатар өзгерістерді жүзеге асырғанда барлық жағынан батыл қимылдау қажет. Сондықтан күн тәртібіндегі тұрған мақсаттың бәріне қол жеткізу үшін барынша табанды әрекет еткен дұрыс. Иә, реформа жалғасып жатыр. Оның нәтижесі де жеткілікті."

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі дағдарысқа ұшырауда дейді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік тәртіп тақырыбына қатысты да пікір білдірді. Біздің елдің сыртқы саясаттағы ұстанымдарына байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

"Ең алдымен, біз сыртқы саясатта қандай да бір реформа жүргізіп жатырмыз дей алмаймын. Өйткені бұл консервативті құбылыс. Алайда Қазақстаннан тыс жерде болып жатқан жағдайларды да қаперде ұстау қажет. Қазақстан Еуразиядағы, әсіресе Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегі. Біз әуел бастан ірі державалармен, соның ішінде көршілерімізбен терезесі тең саясат жүргізіп келеміз және ұлттық мақсаттарымызды да ұмыт қалдырған емеспіз."