Осыған байланысты ҚР СІМ ресми сұрау жолдады.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Германияда Қазақстан азаматының заңға қайшы әрекеті үшін ұсталды деген ақпаратқа орай ресми сұрау жолдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында Германия Федеративтік Республикасында Қазақстан азаматының заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталғаны туралы тараған ақпаратқа байланысты Германияның құзыретті органдарына ресми сұрау жолданғанын хабарлайды. Қазіргі уақытта жауап күтілуде, – деді ведомстводан.
Бұған қатысты Deutsche Welle басылымы Германияның федералды прокуратурасына сілтеме жасай отырып, Берлинде шетелдік арнайы қызмет үшін тыңшылық жасау күдігімен Қазақстан азаматының ұсталғанын жазды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті – Қазақстан азаматы Сергей К. 28 сәуір күні Федералдық прокуратура оны тұтқындап, оның тұрғынжайы мен тағы бікр айып тағылмаған тұлғаның үйіне тінту жүргізді.
Бас прокурор Сергейді ресейлік барлау қызметінің агенті ретінде әрекет етті деп айыптап отыр. Тергеу мәліметінше, ол Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі мен неміс қорғаныс өнеркәсібі туралы деректерді, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен роботтарды құрастыратын компаниялар туралы мәліметтер берген.