Қазақстанда қысқы туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда ел аумағында 14 тау-шаңғы курорты бар, оның 12-сі жұмыс істеп тұр, біреуі қайта жаңғыртылуда, ал екеуі уақытша қызмет көрсетпейді, деп хабарлайды Egemen.kz.


Ең көп курорттар Шығыс Қазақстан, Ақмола және Алматы өңірлерінде шоғырланған. Әсіресе «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» сияқты курорттар туристер арасында үлкен сұранысқа ие.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы тапсырмасына сәйкес, 2025–2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары әзірленуде. Жоба 7 негізгі бағытты қамтитын 69 іс-шарадан тұрады. Оны іске асыру нәтижесінде шетелдік туристер саны 1,7 млн адамға дейін өсіп, туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 100 мыңнан асады деп күтілуде.

Негізгі бастамалардың бірі – «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын біріктіретін бірыңғай тау-шаңғы жүйесін құру. Бұл туристік жүктемені тең бөліп, инфрақұрылымға түсетін қысымды азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Алматы маңында әлемдік деңгейдегі «Almaty Superski» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында ұзындығы 65 шақырымнан асатын тау-шаңғы трассалары салынып, Көк-Жайлау, Кумбель шыңы және бірқатар шатқалдарда заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастырылады.

Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар Қазақстанның қысқы туризмдегі әлеуетін арттырып, елді Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың біріне айналдыруға жол ашады.