Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегі келер жылы 10 пайызға өседі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инфляцияның болжамды мәндерін есептеп, кестеге өзгеріс енгізді. Бұл бойынша енді 20 жастағы азаматтың жинағында 3 млн 720 мың теңгеден артық ақша болса ғана, оның бір бөлігін баспана алуға не оқуға пайдалана алады. Бұрын бұл сомма 3 млн 260 мың теңгеге тең еді. Ал 30 жастағы азаматтардың шекті соммасы 4 млн 580 мың теңгеден 5 млн 120 мың теңгеге дейін өсті. Сол сияқты 40 жастағы азаматтардыкі 6 млн 720 мыңға, 50 жастағылардыкі 8 млн 570 мың теңгеге көтерілді. 60 жастан асқандар үшін жинағында кемі 10 млн 700 мың теңге болуы тиіс.
Келер жылы күнкөріс деңгейі қандай болмақ?
Зейнетақы жинақтарының келер жылға арналған ең төменгі жеткілікті шегі жарияланды. Минималды шек мөлшері орта есеппен 10 пайызға артты. Бұл жалпы инфляцияның ағымдағы және болжамды деңгейімен сәйкес келеді, дейді мамандар. Сондай-ақ есептеулердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бағыты да айқындалды. Енді ең төменгі жалақы – 85 мың теңге, ең төменгі зейнетақы көлемі – 69 мың, ал күнкөріс минимумы – 50 мың теңге болып бекіді.
Ең төменгі жалақы – ₸85 000
Ең төменгі зейнетақы – ₸69 049
Күнкөріс минимумы – ₸50 851
Мұрат Шәріпов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры:
- 2026 жылғы ең төменгі жеткіліктік шектің деңгейі туралы ақпарат жарияланды. 2025 жылмен салыстырғанда ең төменгі жеткілікті шек орта есеппен 10 пайызға өсті. Жеткіліктілік шегін есептеген кезде инфляциядан өзге бірқатар әлеуметтік көрсеткіш негізге алынды. Ол ең төменгі жалақы мөлшері, ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері және зейнетақының ең төменгі мөлшері. Ең төменгі жеткіліктік шегі дегеніміз – ай сайынғы зейнетақыны ең төменгі зейнетақы мөлшерінің кем емес көлемде қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының шекті сомасы.