Мемлекет басшысы Астана халықаралық форумы аясында Франция сыртқы сауда делегат-министрі Лоран Сен-Мартенмен, Франция Ұлттық ассамблеясы шетелдік істер жөніндегі комиссиясының президенті Бруно Фукспен, сондай-ақ EDF, SUEZ және Sanofi компанияларының жетекшілерімен кездесті.

Әңгімелесу барысында Президент Франция Қазақстанның Еуропа Одағы елдері арасындағы негізгі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі және елімізге келетін француз инвестициясы ұдайы артып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 17 келісімге қол қойылған қазақ-француз бизнес-форумының нәтижесін жоғары бағалап, уағдаластықтарды уақтылы орындаудың маңызына назар аударды. Өз кезегінде Лоран Сен-Мартен Астанаға 40-тан астам француз компаниясының жетекшілері келгенін, әртүрлі саланы қамтитын ұжымдар елімізбен іскерлік байланыстарды ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді.