"Қонақ келсе, құт келер".
Бірақ қонақ аз отырып, көп сынайды. Осы орайда елге келген турист шаршап-шалдықпай жетуі үшін қандай мүмкіндіктер бар? Өзіміз қайда бара аламыз?
Айтайық. Биылдың өзінде елде жолаушы тасымалдайтын әуе компаниялары 30-дан астам жаңа халықаралық рейс ашты. Оның көбі Еуропа мен Қытайға бағытталған. Сонымен қатар жүк тасымалдауға басымдық беріле бастады.
Азаматтық авиация саласын дамыту бойынша қандай жаңа міндеттер қойылған?
Биыл 35 халықаралық әуе рейсі ашылды
Қазақстанда жолаушылар тасымалдауға арналған халықаралық әуе рейстері көбейді. Дәл қазір ұшақтар 30 мемлекетке 131 бағыт бойынша қатынайды. Аптасына 616 рейс орындалып жатыр. Еуропа, ТМД елдері, Қытай, Түркия, араб мемлекеттеріне саяхаттаушылар көп. Биыл 35 жаңа рейс ашылды.
Оның ішінде Будапешт, Мюнхен, Гуанчжоу, Шанхай, Үрімші, Каир сияқты қалалар бар. Отандық нарыққа Қырғызстан, Өзбекстан, БАӘ мен Тайландтың әуе компаниялары келіп қосылды. Елдегі әуежайларды жаңғырту және жаңа нысандарды салу жұмыстары жүріп жатыр. Тұмса табиғатымен төрткіл дүниені таңғалдыратын курорттық аймақтарда, атап айтқанда, Зайсан, Кендірлі, Қатон-Қарағай аумақтарында жаңа әуежайлар бой көтереді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕ РЕЙСТЕРІ
30 МЕМЛЕКЕТ
131 БАҒЫТ
АПТАСЫНА 616 РЕЙС
35 ЖАҢА РЕЙС
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:
- Келесі жылдың аяғына дейін 3 әуежай құрылысын бітіреміз. Билеттің құны туралы айтсақ, сол бағыттарда, Зайсан, Кендірлі, Қатонқарағай, әнине, алғашқы кезеңде субсидия береміз. Орташа бағасы шамамен 20 мыңның аясында болады.
Әуе арқылы жүк тасуға басымдық беріледі
Елде әуе арқылы жүк тасымалдауға басымдық беріліп жатыр. Кәрі құрлықтың қақ ортасында орналасқан Қазақстан дәл осы географиялық әлеуетін тиімді пайдалануға тиіс. Сарапшыларлың пікірінше, 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы "Азия – Еуропа" бағытына тиесілі болуы мүмкін. Қазірдің өзінде Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ аймағында транзиттік жүк тасымалына байланысты бәсеке күшейді. Сондай-ақ көлік-логистика саласына инвестиция тартуға қатысты талас қыза түсті. Мұны Мемлекет басшысы айрықша атап өтті. Бүгінде әуежайлар жүкті тиеп-жөнелтуге, жинақтауға құлықсыз әрі инфрақұрылым дайын емес. Сондықтан әуелі арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жетілдіру керек. Ұсынылатын жеңілдіктер әрбір хабтың ерекшелігіне қарай жасалуға тиіс.
Әділет Көбенов, ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:
- Елімізде 6 әуежайда арнайы экономикалық зона жасалып жатыр. Сонымен қатар әрине отандық әуе компания ашу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, ол тек Қазақстанға немесе Қазақстаннан жүк асымалдау емес, Еуропа мен Азияның ортасында және басқа да өңірлерді Қазақстан арқылы қоса отырып, транзиттік тасымалдауларды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Авиаотын өндірісі ұлғаяды
Жолаушылар мен жүк тасымалдайтын әуе рейстері артқан сайын авиаотынға сұраныс та көбейетіні белгілі. Қазір елде жыл сайын 1 млн тонна авиаотын қажет. Ал отандық мұнай өңдеу зауыттары биыл 727 мың тонна өнім шығарды. Сондықтан Ресейден 300 мың тоннаға жуық керосин импортталған. 2032 жылға қарай елдегі ірі мұнай өңдеу зауыттырының өндіріс қуатын еселеу көзделген. Соның ішінде авиаотын үлесі кезең-кезеңімен артады. Бұған қоса, жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институты мен отынды сертификаттау зертханасын ашу міндеті тұр.
Айбек Төленді, ҚР Энергетика министрлігі мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы:
- Алдағы үш жылда өндіріс көлемін жыл сайын ұлғайту жоспарланған. 2026 жылы 750 мың тонна, 27 жылы 800 мың тонна, ал 2028 жылы 850 мың тонна авиаотын өндіріледі.
Авиация саласында маман жетіспейді
Авиация саласының адымын ширату үшін білікті кадрлар ауадай қажет. Жыл сайын жүздеген маман жетіспеушілігі байқалып отыр. Үкімет дәл осы жүйені реформалау үшін нақты шаралар қабылдауға кіріседі. Оның ішінде халықаралық білім-ғылым мекемелерімен байланыс орнатылып, біліктілікті арттыратын орталықтар құрылады.