Жетісу облысы құрылған үш жылда өңірде 276 әлеуметтік нысан жаңадан салынды.

Солардың жартысы медицина мекемелері. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы аймақта білім ордалары бой көтеріп, спорт кешендері мен мәдениет үйлері де салынып жатыр.

Нәдек ауылының тұрғындары жаңа дәрігерлік амбулаторияның салынуын көптен күтті. Себебі олар бұған дейін шағын әрі бейімделген ғимаратты емдеу мекемесі ретінде пайдаланып келді.

Ұлтай Жұмашева, Нәдек ауылының тұрғыны:

- Бұрын біз жеті бөлмеді сығылып, бірі бірімізге отыратынбыз. Бұл жерде әрбір қызметкер жеке-жеке бөлмеде отырады. Бұл жерде дневной стационар ашылған. Бұрын жоқ болған бізде. Физиокабинет жоқ, болатын физиокабинет жасап беріп отыр. Заманауи жабдықталып отыр бәрі.

Аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен 60 шақты медицина мекемесі тұрғызылды. Тағы 19 дәрігерлік амбулатория және блокты модульді кешендер пайдалануға берілді. Сонымен қатар үш білім ошағы бой көтеріп, Достық ауылында 600 балаға арналған «Келешек мектебі» ашылды.

Айнагүл Сәдиева, "Достық" орта мектебінің директоры:

- Мемлекетіміз мүмкіндік беріп, осындай еңбеккер халықтың балаларына заманауи үлгідегі білім алуына бұл жерде балалар жан жақты тұлғалық қалыптасуына үлкен мүмкіндік алып отыр. Барлық оқушылар ХХІ ғасырдың көшбасшысы бола алатындай барлық мүмкіндіктер жасалған.

Жетісу облысында төрт мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Әкімшілік аумақ құрылғалы өңірде 40-қа жуық спорт кешені және үстел теннисі орталығы салынды.

Саят Сарқытов, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Күніне 50-ге жуық спортшылар жаттығады. Паратенисшілер бар. Спортшылар да бар. Өздерінің күн кестесіне байланысты таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін оқу жаттығу жиындары өтеді.

Алдағы үш жылда аймақтағы 210 елді мекенге табиғи газ тартылады. Сол кезде 120 мыңнан аса отбасы өркениет игілігін пайдалануға мүмкіндік алады.

Шыңғыс Қалиден, Айгүл Ғазизулина