Қазақстанда 208 мыңнан аса адам арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не үшін беріледі?
Қазақстанда ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
1 қарашадағы жағдай бойынша оны алатындар саны — 207 780 адам, оларға 22,3 млрд теңге төленген.
Кімдер құқылы?
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы азаматтардың 17 санаты бар:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен басқа мемлекеттердің аумағында өткен әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
- Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері;
- Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар;
- тыл еңбеккерлері;
- Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар;
- саяси репрессиялардың құрбандары,
- мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер;
- Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да азаматтар.
Мөлшері қанша?
Жәрдемақы мөлшері санатына байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгеріп отырады.
Қалай алуға болады?
Жәрдемақы алу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында беру керек.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!