Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының іргесінде бой көтеретін қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылыс алаңында болды. Мердігерлер аймақ басшысына маңызды нысанның техникалық параметрлері, жоспарланған қуаттылығы және құрылыс кезеңдері туралы баяндады.

Құрылысты түркиялық компания жүргізетін болады. Жоба құны – 8 миллиард теңге. Полигонның қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдау қуаттылығы – жылына 300 мың тонна. Сұрыптау цехының жылдық өнімділігі – 75 мың тонна.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы Семейден 16 шақырым жерде екі ай бұрын басталды. 100 гектар аумақта әкімшілік-тұрмыстық корпус, сұрыптау ғимараты және басқа да құрылыстардың іргетасы қаланып жатыр.

Нысанды толық аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылдың II тоқсанына жоспарланған.

Аймақ басшысы құрылыс алаңын көріп, мердігерлерге жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

"Бұл жобаның Семей қаласы үшін маңызы зор. Жаңа полигон іске қосылғаннан кейін облыс орталығындағы қалдықтарды басқару жүйесі жаңарып, экологиялық ахуал айтарлықтай жақсарады", — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биылғы тамыз айының аяғында аймақ басшысы Берік Уәли мен түрік компаниясының президенті өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум аясында Семей қаласындағы бірнеше көшелерге темір жол үсті көпірлерін салу, "Мәңгілік Ел" көшесі мен Бейбітшілік аралын жалғайтын жаяу жүргінші көпірін тұрғызу, Мақаншы және Аягөз аудандарында кәріз-тазарту нысандарын, Семей қаласында қоқыс полигонын, Құнанбай көшесінен Шығыс кентіне дейінгі бағытта автокөлік және жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу, Семейдегі аспалы көпірді қайта жаңғырту, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта заманауи әкімшілік ғимараттар салу сынды бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған.

1969 жылы құрылған компания Түркияда және шет елдерде халықаралық әуежайлар, қуатты жылу электр орталықтары, Түркия, ТМД елдері, Еуропа және Африка аумағындағы автомобиль жолдары, тоннельдер мен көпірлер, метро, теміржол жүйелері, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, әкімшілік ғимараттар, ауруханалар, мектептер мен балабақшалар сияқты ірі жобаларды жүзеге асырған.

Абай облысы әкімдігі ұсынған материал

Logotype Massaget