Қаражал қаласында №3 өрт сөндіру бөлімі ашылып, салтанатты жиынға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысты.
Жаңадан ашылған бөлім заманауи өрт сөндіру техникаларымен толық жабдықталған. Ғимаратта қызметкерлердің жұмыс істеуіне, жедел әрекет етуіне қолайлы жағдай жасалған.
– Жаңа өрт сөндіру бөлімі – жоғары талаптарға сай заманауи база. Біз жүйемізді жетілдіруді, құтқарушыларға лайықты жағдай жасауды жалғастырамыз. Қалалар мен ауылдарға бірдей, тең жағдай қалыптастырып жатырмыз, сонда әрбір тұрғын уақытылы және кәсіби көмек алады, – деді Төтенше жағдайлар министрі.
Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспеков азаматтардың амандығы мен тыныштығын сақтау бағытында атқарылып жатқан іс жалғасын табатынын айтты. Жыл соңына дейін облыстың Жезқазған, Сәтбаев қалаларында да жаңа нысандардың ашылуына куә боламыз деп жоспарлап отырғанын жеткізді.
Іс-шара барысында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов министрліктің «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал ашылу рәсімінен кейін іс-шараға қатысушылар жаңа нысан ауласында шырша ағашын отырғызды.
Ұлытау облысы