NASA алғаш рет жаңа жер серігі жүйесі арқылы цунамиді нақты уақытта анықтайтын құрылғы ойлап тапты. Осыған дейін бұл жүйе Камчатка маңындағы зілзаладан туған цунамидің бағытын дер кезінде болжаған. Нәтижесінде қауіп туралы алдын ала ескерту жасалып, миллиондаған адам эвакуацияланды.
Биыл шілдеде Камчатка түбегінің маңында 8,8 балдық қуатты жер сілкінісі тіркелді. Дүмпуден цунами қалыптасты. Толқындар сағатына 640 шақырым жылдамдықпен тарап, бірнеше минуттың ішінде қауіп дабылы қағылды. Табиғи апат кезінде жерсеріктік навигация жүйелері кедергілерге тап болған еді. NASA жасап шығарған жасанды интеллект негізіндегі «Guardian» жүйесі апатты алдын ала анықтап, бақылауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жағалауға жақын орналасқан өңірлерден 2 миллионнан астам адам эвакуацияланды. Ғалымдар жүйенің көмегімен цунамидің бағытын қадағалап, оның жағалауға жетуін 40 минут бұрын болжады. Тың технология табиғи апаттардан қорғануды жаңа деңгейге көтерді.
Майкл Хики, Эмбри-Риддл аэронавтика университетінің профессоры:
- «Guardian» сияқты жүйелер цунами толқындарын ерте анықтауға мүмкіндік беретіні үміт ұялатады. Бұл табиғи апаттардың зардабын азайтуға бағытталған маңызды ғылыми жетістік.
Метеорологтардың деректеріне сәйкес, цунамидің басты бағыты ашық мұхитта таралып, ең қуатты толқындар адамдар қоныстанбаған аудандарға соққан. Десе де ерте ескерту жүйесі апатқа дайындалуға мүмкіндік берді. «Егер ол қолданылмағанда салдары ауыр болуы мүмкін еді», – дейді мамандар.
Гарольд Тобин, Вашингтон университетінің сейсмологы:
- Цунамиден эвакуациялау кезінде әр минут шешуші. Сондықтан цунамиді ерте анықтау – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды ғылыми жетістік.
Цунами негізінен Тынық мұхит жағалауы, Ресейдің қиыр шығысы, Жапония, Оңтүстік-Шығыс Азия және Оңтүстік Америкада жиі болады. ХХ ғасырдың 40-50-ші жылдарында АҚШ-та, Жапонияда және КСРО-да халықты алдын ала сақтандыратын қызмет құрылды. Болжам алып толқындардың зілзала ошағынан таралу жылдамдығын есептеуге негізделген.
Лаура Конг, Гонолулудағы цунами туралы ақпарат таратушы халықаралық орталықтың өкілі:
- 2004 ең ауыр жыл болды. Адамзат апатқа алдын ала дайын болған жоқ. Әр қайғылы жағдайдың өз берер сабағы болады. Қазір жер сілкінісі болған жағдайда цунами қаупі жылдам ескертіледі. Сондай жағдайда тұрғындар жедел қауіпсіз жерге көшуге дайын болуы керек.
Сарапшылар: «жаңа технологиямен жанартаудың атқылауынан бастап зымыран ұшыру мен жерасты ядролық сынақтарына дейін бақылауға болады», – дейді. Ал мұндай жүйелерді жетілдіру табиғи апаттардың салдарын азайтып, адам өмірін қорғауда маңызды рөл ойнайтынына сенімді.
Авторы: Динара Орынтай