Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы " Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заңға енгізілген түзетулердің бірінші блогы заңнамалық актілерді "Жасанды интеллект туралы" заңмен сәйкестендіруге бағытталған.

"Түзетулердің екінші блогы заңнаманы өзге мәселелер бойынша жетілдіруді көздейді. Заң қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің Қазақстан Республикасының аумағындағы айналымын реттейді. Бұған дейін қамтамасыз етілмеген цифрлік активтердің айналымы тек "Астана" Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аумағында ғана рұқсат етілген еді", — деп жазылған хабарламада.

Азаматтардың жеке деректерін қорғау амалдарын күшейту мақсатында жеке деректерді өңдеуге келісім беру мерзіміне қатысты талап енгізілді. Енді бұл мерзім жеке деректерді жинау және өңдеу мақсатына жету үшін қажет мерзімнен аспауға тиіс. Субъект немесе оның заңды өкілі иесін, операторды, үшінші тарапты ескертіп, жеке деректерді жинауға, өңдеуге берген келісімін қайтарып алуға құқылы.

Бірқатар түзету нәтижесінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары күшейтілді.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы "Жасанды интеллект туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget