Қазақстан мен Финляндия президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен одан әрі жалғасты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы .

Президенттің айтуынша, Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналады.

Мемлекет басшысы Финляндияның таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкершілік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стандарттары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. Аталған салалардағы Финляндияның жетістіктері көптеген елге, соның ішінде Қазақстанға да үлгі.

– Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл ретте Үкіметаралық комиссиясының жұмысы маңызды рөл атқарады. Президент фин делегациясының құрамында бизнес өкілдерінің болуы Хельсинкидің өзара серіктестікті тереңдетуге шынайы мүдделі екенін көрсетеді деп санайды.

Еліміз Финляндия компанияларымен бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды.

Александр Стубб фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар ол «Астана» велокомандасының жейдесі үйінде сақтаулы екенін айтты.

– Қазақстандықтардың қонақжайлығы ерекше есімде қалды. Әсіресе, Астанаға алғаш рет келгенімде (Сыртқы істер министрі ретінде — ред.) үздік велошабандоздарыңызбен бірге жаттығудың сәті түсті. Олар маған кәдесый ретінде Александр Винокуровтың қолы қойылған «Астана» велокомандасының жейдесін сыйға тартты. Мен үшін өте құнды бұл жейде үйімнің төрінде әлі күнге сақтаулы тұр.