Елдегі 9 жылу электр орталығы « қызыл » аймақтан «сарыға», ал үш нысан «сары» аймақтан «жасылға» көшті, деп хабарлайды 24kz.

Бұл былтырғы атқарылған жұмыстың нәтижесі. Ал биыл жылу электр станцияларында 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны жөндеу жоспарда тұр. Бүгін Үкімет отырысында өткен жылыту кезеңі мен алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы пысықталды. Биыл «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру көзделіп отыр. Оның аясында генерация объектілері мен электр және жылу желілерінің тозуын шамамен 40%-ке дейін төмендету жоспарланды.

***

Алдағы жылыту маусымына дайындық пысықталды

Күзгі-қысқы кезең аяқталды. Мамандар жүйелі жұмыстың арқасында жылыту маусымы тұрақты өткенін мәлімдеді. Бұл кезеңде айтарлықтай ірі технологиялық бұзушылықтар байқалмады. Былтыр энергия көздерін жаңартуға және жаңғыртуға 327 миллиард теңге бөлінді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 44%-ке артық. Сондай-ақ жылу желілерін жөндеуге 148 миллиард теңге бағытталған.

Сұңғат Есімханов, ҚР энергетика вице-министрі:

- Жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын қаржыландыру 28%-ке дейін ұлғайтылып, 148 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Электр станцияларында жөндеу кестесіне сәйкес 10 энергия блогына, 55 қазандыққа, 45 турбинаға жөндеу жүргізілді. 21 мың км электр беру желілері, 423 қосалқы станция жөнделді. 542 км жылу желілерін қайта құру және ауыстыру жүргізілді.

Инженерлік желілердің тең жартысы тозған

Елде инженерлік желілердің тең жартысы тозған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі айтты. Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, өткен жылдың жылыту маусымында жылу желілерінде 53, су және кәріз желілерінде 264 технологиялық бұзушылық тіркелген. Жалпы еліміз бойынша шамамен 137 мың шақырым инженерлік желі бар. Олардың орташа тозу деңгейі – 49%. Биыл республикалық бюджеттен сумен жабдықтау объектілерін салу мен қайта жаңарту үшін 176 миллиард теңге қарастырылған. Президент тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін тозған инженерлік желілерді 40% дейін төмендету жоспарланған.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Осы тапсырманы орындау үшін «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Ұлттық жоба аясында 1 трлн теңге болатын шамамен 8 мың шақырым су және су бұру желілерін жаңғырту жоспарлануда.

***

Жылу беру нысандарын жөндеуге ₸373 млрд жұмсалады

Биыл елде 500-ден аса энергия нысандарын жөндеу жоспарланған. Атап айтар болсақ 10 энергоблок, 63 энергетикалық қазандық, 39 турбина қайта жаңғырады. Сондай-ақ орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 44 қазандық жөндеуден өтеді. Жауаптылардың айтуынша, биыл жөндеу жұмыстарына 373 млрд теңге жұмсалады.

Нәби Айтжанов, «KEGOC» компаниясының басқарма төрағасы:

- 2025 жылғы 21 мамырдағы жай-күй бойынша 1 энергия блогы, 2 бу қазандығы мен 1 бу турбинасы жөндеуден өтті. Дайындық деңгейлері әртүрлі: 4 энергия блогы, 19 бу қазандығы, 10 турбина жөндеуде тұр.

***

Елде жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Павлодар облысында электрмен және жылумен қамту желілеріне жөндеу жүргізу жоспарлануда. Аймақта жалпы құны 22 млрд теңгені құрайтын 4 ірі жоба іске асырылатын болады. Ал Ақмола облысында 18 шақырымнан астам жылу желілерін жөндеу жоспарлануда. Өңірде жылыту маусымына дайындық үшін 27,8 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ Маңғыстау облысында дайындық жұмыстарына 25 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланған. Мұнда 495 шақырым электр желісі мен 20 шақырым жылу желісі жөндеуден өтеді. Олжас Бектеновтің айтуынша, тағы еліміздің 3 қаласында жылу көздерін жаңғырту үшін 25 млрд теңге бөлінеді.

Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті. Бүгінгі жиында Үкімет басшысы осылай деді. Олжас Бектенов өңір әкімдеріне барлық конкурстық рәсімдерді екі аптада аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуді тапсырды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар 1 қыркүйекке дейін 11 мыңға жуық білім беру нысанын жылыту мерзіміне дайындауы қажет. 15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, 15 қазанға дейін қалған өңірлерде 5,5 мыңнан аса денсаулық сақтау нысандарын және 52 мыңға тарта тұрғын үйдің дайындығын қамтамасыз ету міндеттелді.

Авторы: Әлішер Әли