Жаңаөзендік оқушы 1 минутта 5 мың сөз оқиды. Соның арқасында бір кітапты жарты сағатта оқып шығады. Әйгерім Бақыт ол үшін арнайы оқу техникасын меңгерген. Бүгінде облыс бойынша онымен жарысып, бақ сынайтын адам жоқтың қасы.
Әйгерім кітапты іштей оқиды. Солай түсіну оңай дейді. Оның ерекше қабілеті 4-сыныпта байқалған. Ол қатарластарынан оза шауып, бір минутта 700-800 сөз оқыған. Кейін мың жарым сөзге жеткізіпті. Оқушы сол кезден бастап, онлайн курстарға қатысып, жылдам оқудың 10 шақты техникасын меңгерген. Қазір 1 минутта 5 мың сөз оқиды. Ол 30-31 бет. Яғни, кітаптың бір бетіне 3 секунд қана жұмсайды. Әрі, оқығанын түсініп, мазмұнынын айтады.
Әйгерім Бақыт, №13 дарын-лицейінің 7-сынып оқушысы:
Бірінші жылдам оқымас бұрын, көздің қарашығын үлкейтіп алу керек. Көзді жаттықтыру қажет. Одан кейін асықпай әр түрлі техникалармен оқып бастау керек. Егер мен тезірек, жылдам оқып шығатын болсам, ол кітаптың беті егер 100-ден көп болатын болса, жарты сағаттан аз уақытта оқимын.
Оқушы осы кезге дейін 100-ден аса кітап оқыған. Соның арқасында өзге ұлттардың тарыхымен, салт-дәстүрімен танысқан. Қазір ол ағылшын тілін жетік меңгергісі келеді. Сондықтан ағылшынша жазылған әдеби кітаптарды көп оқиды.
Әйгерім Ізтілеуова, сынып жетекшісі:
Әйгерім тек мектебіміздің ғана емес, бүкіл өңіріміздің мақтанышы. Ол оқу озаты, ізденімпаз, ерекше қасиетке ие оқушы. Мектеп бойынша тек қана Әйгерім жылдам оқуды меңгергендіктен, ешқандай жарыстар, конкурстар қала бойынша да жоқ және Әйгерім сияқты қабілеті бар оқушылар да жоқтың қасы.
Әйгерім көз ауруларына шағымданбаған. Дәрігерлер арнайы техникамен оқу керісінше, көздің көру аумағын ұлғайтатынын айтады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елде Әйгерімді басып озатын оқушы жоқ. Ал әлем бойынша ең жүйрік — 16 жасар украиналық оқушы қыз. Ол бір минутта 163333 сөз оқыған.
Аягөз Оралбайқызы