Бір ай бұрын Абай облысының әкімі Берік Уәли семейліктерге жаңа автобустарды таныстырды. Әкімнің жоспары бойынша қала тұрғындары оларды 25 маусымнан бастап жолдардан көруі тиіс еді. Алайда арада бір ай өтсе де, жаңа автобустар толық жолға шыққан жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазір тек ішінара ғана жүріп жатыр. 18 шілдеде жергілікті БАҚ барлық автобустардың 1 тамызға дейін қала маршруттарына шығатынын хабарлады.
Бұл жағдайға қатысты 15 шілдеде қоғамдық кеңесте қалалық көлік бөлімінің басшысы Мерей Байырхан түсініктеме берді. Оның айтуынша, автобустардың негізгі бөлігі әлі сатып алынбаған, себебі қаржы жоқ.
«Автобустар зауытта дайын тұр, кез келген уақытта алып кетуге болады. Барлығы 45 автобусқа тапсырыс берілген. Оның 15-іне келісімшарт жасалды, қалған 30-ына әлі жоқ. Алдымен аванс көлемін анықтау керек. Ал әкімдіктің субсидия бойынша қарызы бар. Белгілі бір сома түссе, мәселені шешеміз», — деді «АвтоТрансСемей» ЖШС-нің заңгері Николай Чнегов.
Мерей Байырханның айтуынша, 15 шілдедегі жағдай бойынша субсидия қарызы — 2,3 млрд теңге. Әр ай сайын субсидиялауға шамамен 1,2–1,3 млрд теңге жұмсалады. Ал өткен жылдың қарызын өтеу әзірге мүмкін болмай тұр.
Яғни бөлінген қаржыға қарамастан, мемлекет автопарктер алдында әлі де қомақты қарызын өтей алмай отыр.