Қазақстанда жаңа әлем рекорды тіркелді. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты бір технологиялық цикл барысында 177 тоннадан астам феррохром өндірді. Бұл жетістік жұмысшы мамандықтар жылы мен «Қазхром» Трансұлттық компаниясының 30 жылдық мерейтойына арналды.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының төртінші цех пештері әлемдік металлургия саласында ең қуатты қондырғылардың бірі. Заманауи техникалық шешімдердің арқасында жобалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары қуатпен жұмыс істейді. Жалғыз пештің өзі бір циклде шамамен 50-60 тонна ферроқорытпа берсе, бұл жолы әлемдік рекорд тіркелді.

Қуандық Құдайбергенов, «Global book of records» Азия және Африка елдері бойынша бас офицері:

- Бүгін Қазақстан әлемге танымал болып отыр. Өйткені Қазхром зауыты 177 тонна 288 кг 300 гр ол нақты өлшенген, сертификаты барлығы дайын. Сондықтан жоғары углеродты хром. Бұл әлем рекордын екі есе жаңартып отыр.

Металды өндіруден бастап, салқындату, өлшеу мен құжаттауға дейінгі барлық кезең ресми түрде тіркеліп, сертификатталған өлшеу құралдарымен расталды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Асхат Шахаров өңірдің индустриялық әлеуетінің орасан екенін атап өтті.

Досжан Әлібеков, ИНдустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Жалпы жыл сайын 2 трлн теңгеден жоғары сомаға өнеркәсіптік тауарлар өндіріледі. Оның ішінде АФЗ өндірістік өнеркәсібінде 15,3 пайыз жалпы тау-кен өнеркәсібінде 30 пайыздан жоғары үлесін құрайды. бір күндік өндіріс көлемі 2,5 мың тоннадан асады.

Металлургтер күні қарсаңында әлемдік рекорд орнатқан мамандарға «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар Ақтөбе ферроқорытпа зауытының Құрмет тақтасы ашылды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов