Нысан президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген транзиттік стратегияны іске асырудың негізгі нүктесі болады.
Қостанайда Қазақстанның солтүстігіндегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі "Тобыл" көліктік-логистикалық кешенінің құрылысы басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жоба "Кедентранссервис" АҚ-ның қатысуымен өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен іске асырылады. Логистикалық кешеннің ауданы 133,6 га, инвестициялардың жалпы көлемі – 64 млрд теңгені құрайды.
"Тобыл" КЛК жобалық қуаты – жылына 400 мың жиырма футтық контейнерге (ЖФЭ) дейін немесе 11 млн тоннадан астам жүкті қабылдайы. Кешен логистерді, операторларды, IT-мамандарды, қызмет көрсетуші персоналды және жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында 500 жаңа жұмыс орнын ашады.
Құрылысты іске қосу салтанатында премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жобаның өңірден тыс маңызы бар екенін атап өтті.
"Біз тек логистикалық түйін құрып қана қоймай, елдің жаңа экономикалық географиясының берік негізін қалаймыз. "Тобыл" логистика, цифрландыру, білім беру және индустрия қосылатын зияткерлік платформаға айналады. Мұнда жаңа құзыреттер, жаңа жұмыс орындары, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Бұл аймақтық емес, ұлттық жоба, бүкіл елдің өсуінің катализаторы. Ол Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбегіндегі орнын күшейтеді, бизнес, инвесторлар және осында, өз отанында өсіп, дамығысы келетін адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады", – деді Ермек Көшербаев.
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдар көлемі 16,8 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық.
"Тобыл" КЛК іске қосылуы алдағы жылдары осы көрсеткіштерге қосымша серпін береді деп күтілуде.
"Жаңа кешен кәсіпорындар үшін логистикалық шығындарды төмендетуге, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға және өңдеу секторына жаңа инвестициялар тартуға және жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Біз "Тобыл" КЛК бизнес үшін тартымдылық нүктесіне айналатынына және өңірдің одан әрі өнеркәсіптік дамуына серпін беретініне сенімдіміз", – деп атап өтті "Тобыл" КЛК директоры Айдын Әлімов.
Кешен Қытай, Орталық Азия, Түркия, Иран, Ауғанстан және Еуропаны байланыстыратын халықаралық көлік дәліздеріне біріктіріледі. "Солтүстік Қазақстан – Оңтүстік Орал" бағыты бойынша да, ҚХР бағытында да жүк айналымының өсуі күтілуде.
Кешен аумағында "барлығы бір жерде" қағидаты бойынша терминалдар, қоймалар, кедендік рәсімдеу, IT және сервистік аймақтар орналастырылатын болады. Нақты уақыттағы жүктерді бақылаудың цифрлық жүйесі қарастырылған. Құрылысты аяқтау 2027 жылға жоспарланған.