Премьер-министр Олжас Бектенов 16 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің тарап кетуіне қатысты тергеудің алдын ала қорытындылары туралы айтып берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет басшысы жеке деректердің тарағанын растады және бұл іске байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
"Тиісті органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі бар ақпарат бойынша, бұл – 2022 жылғы деректер. Яғни, сол кезеңдегі ақпарат тараған. Әрине, мұндай деректердің болуы үкімет үшін де жақсы емес", – деді ол.
Үкімет басшысы деректердің медициналық ұйымдардан тарағанын мәлімдеді.
"Тексеруші органдардың алдын ала қорытындыларына сәйкес, деректер медициналық ұйымдардан тараған болуы мүмкін. Олар (ұйымдар – еск.) мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізеді, бірақ кейін оларды сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Бұл үшін тиісті жауапкершілік қарастырылған. Біз мұндай қауіптердің артуына байланысты заңнамалық әрі жедел шаралар қабылдаймыз", – деп уәде етті Бектенов.
Журналистер премьерден осы оқиғаға байланысты жауапқа тартылғандар туралы да сұрады.
"Нақты осы деректердің таралуына байланысты – әзірге жоқ. Әлі нақты қорытындылар жоқ. Бірақ құқық қорғау органдары шындықты анықтайды, кінәлі адамды анықтап, оны қылмыстық жауапкершілікке тартады деп сенемін", – деп түйіндеді премьер.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!