Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайратқа қатысты басты сот отырысы жүріп жатыр.

Белсенді мен оның анасына 3,5 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр. Ол қаражатты қазақстандықтар былтырғы су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке жинап берген. БАҚ өкілдеріне сот залынан ақпарат таратуға рұқсат берілді.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Сот отырысы сағат онда басталды. Судья Сабыржан Кәрімовтың айтуынша, отырыстан ақпарат таратуға 70-тен астам масс медиа өкілі өтініш берген. Олар қазір арнайы баспасөз орталығында отыр. Себебі қарауда банк есеп-шоттары, жеке деректер сияқты мәліметтер бар. Оларды құпия сақтау – заң талабы. Сондықтан бақ өкілдерін бөлек орналастырған. Баспасөз орталығындағы тікелей көрсетілім де бұл ақпараттарды талқылау кезінде тоқтатылады. Жалпы қылмыстық іс 100-ден аса томнан тұрады, материалдың көлемділігіне байланысты сот отырыстары әр дүйсенбі, сейсенбі күндері өтеді. Тергеу барысы жайында бұған дейін де айтқанымыздай, биыл 14 наурызда Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваның әрекеттері сарапталып, олар аса ірі көлемдегі алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша күдікті деп танылған. Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу қорытындысын жариялады. Онда белгілі болғаны, Перизат Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында көп рет қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықты ақша жинауға шақырған. Бұл қаражат мұқтаж балаларға, Палестина халқына және еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалмақ болған. Жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгеге жетеді.