Алматыда ерекше форматта сенбілік өтті, деп хабарлайды 24KZ. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы шараға зейнеткерлер көп жиналды. Қариялар Бостандық ауданындағы «Оңтүстік» саябағын қоқыстан тазартып, қураған жапырақтарды жинады.
Сенбілікке Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, белсенді жастар, әкімдік қызметкерлері және еріктілер де қатысты. Жиналған қоқыс толы қаптар жүк көліктеріне тиелді. Акцияның мақсаты – тазалық қана емес, ұлттар бірлігін нығайту, экологиялық мәдениетті дамыту және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Абдулхалил Долкунтай, ҚР ұйғырлар республикалық этномәдени орталығының төрағасы:
- 75-ке келген аналарымыз да жүр, 11-12-ге келген балаларымыз да жүр. Мұның бәрі жастарымызды дұрыстап тәрбиелеу. Мына қазақ халқында жақсы сөз бар. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – дейді. Балаларымызға осындай жақсы тәрбие беріп, өзіміз де осы жақсы жұмыстың басында жүретін болсақ, балаларымыз да бізді көріп, олар да осы жұмысты жалғастырады. Бұл тазалық деген сыртқы тазалық емес, әрбір Алматы қаласының тұрғыны өзінің төңерегін таза ұстау керек.