Шымкенттік құтқарушылар жаңа қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды 24kz.

Заманауи талапқа сай жабдықталған арнайы техника жедел әрі тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Салтанатты іс-шарада қала әкімі мен Төтенше жағдайлар министрі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген мамандарды құттықтап, құрмет көрсетті.

Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. Құтқарушылардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік беретін қызметтік 40 автокөлік сатып алынды. Өрт сөндіру машиналарының кілті салтанатты түрде табыс етілді.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

- Өз өмірін қатерге тігіп өзгенің амандығы үшін аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар үшін ерекше күн болып отыр. Бұл сіздердің еңбектеріңіздің бағалануы. Оның бәрі тікелей ел басшылығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан дүниелер.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған, жол талғамайтын көліктер өртті дер кезінде сөндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ күрделі жағдайларда кедергісіз жұмыс істеуге арналған автокрандар мен авариялық-құтқару машиналары алынды. Одан бөлек, жеке құрамға қауіпсіздігі жоғары қорғаныс киімдері берілді.

Шыңғыс Арынов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Бұл – құтқарушылардың жұмысын заманауи деңгейге көтеруге бағытталған аса маңызды қадам. Оның тағы бір дәлелі құтқарушылар қорының және жергілікті биліктің қолдауымен жаңа үлгідегі сапалы формалар берілді. Баршаңызға еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Салтанатты іс-шарада жылдар бойы салада аянбай еңбек етіп келе жатқан өрт сөндірушілерге пәтер кілті берілді. «Қамқор» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы арқылы 10 қызметкер баспаналы болды.

Нұрболат Рахым, қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы:

- Енді баспаналы болдық. Мәселе шешілді. Бір арманымыз орындалды. Ендігі бар ынтамызды жұмысқа қоямыз.

Президент пәрменімен өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға да тұрғын үй төлемдерін беру тәртібі қарастырылды. Өңірде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін әлеуметтік қолдау үшін алғаш рет жеке медициналық емхана мен жаңа зертхана салынды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов