Аллергияға шалдыққан азаматтар қатарын азайту мақсатында елімізде гипоаллергенді сүт өндірісі қолға алынды, деп хабарлайды 24kz.

Павлодардағы кәсіпорындардың бірінде A1 бета-казеин ақуызы жоқ сүт шығаратын алғашқы өндірістік желісі іске қосылады. Өнім ағзада жеңіл қорытылатындықтан, сиыр сүтіне сезімтал жандар үшін қауіпсіз болмақ. Жоба арнайы генотипі расталған A2A2 тұқымды сиырларды елге әкелудің арқасында жүзеге асып отыр. Мұндай сүт шетелде кең таралғанымен, ТМД нарығында әлі де қат. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бастама елде гипоаллергенді сүт өнімдерінің толыққанды секторын дамытуға жол ашады деген үмітте.

Елена Ковзель, ҚР ДСМ штаттан тыс аллерголог-иммунологы

- Дүниежүзілік аллергия ұйымының мәліметінше, әлем бойынша адамзаттың 40%-інде аллергиялық белгілер бар. Ал бізде елде азаматтардың 20%-і аллергияға шалдыққан. Яғни, әрбір бесінші тұрғында бұл дерт бар деген сөз. Жыл сайын бұл көрсеткіш ұлғайып отыр. Көбіне адамдарда жусан сынды күрделігүлділер тұқымдасына жататын шөпке төзбеушілік жиі кездеседі.

Балалар арасындағы аллергия, қант диабеті, целиакия және өзге де созылмалы ауру түрін азайту мақсатында жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханаларында арнайы мәзір енгізіледі. Бұған сәйкес, тағам құрамындағы қант, тұз және майдың мөлшері азайтылып, мәзірден шұжықтар, тәтті шырындар мен тағам дәмін күшейтетін қоспалары бар өзге де өнімдер алынып тасталады. Оның орнына жеміс-жидектер мен көкөністер және табиғи өнімдер молынан ұсынылады.