«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2025 жылғы 8, 9 және 10 шілде күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады . Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

9–10 шілде күндері солтүстікте, 10 шілдеде солтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Тек республиканың батысында солтүстік-батыс антициклонының ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Еліміз бойынша желдің күшеюі, ал түнгі және таңғы уақыттарда солтүстікте тұман түсуі ықтимал.

9–10 шілдеде еліміздің батысы мен оңтүстік-батысында күн қатты ысиды. Ауа температурасы 35–41°C дейін, солтүстік-батыста 35–38°C дейін көтеріледі.

Солтүстік өңірлерде түнгі температура 7–15°C, ал күндіз 20–27°C аралығында болады. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста температура біртіндеп төмендейді. Қалған аймақтарда температуралық фон айтарлықтай өзгермейді.

Бұған дейін «Қазгидромет» шілде айына арналған кеңес сипатындағы болжамын ұсынған болатын. Синоптиктердің мәліметінше, шілде айында елімізде тұрақсыз ауа райы сақталады. Елдің көп бөлігінде найзағайлы өткінші жаңбыр, бұршақ және қатты жел болуы мүмкін.

Оңтүстікте өте қатты аптап ыстық күтіледі, кейбір аймақтарда шаңды дауылдар болуы ықтимал. Бұл өңірлерде өрт қауіпі жоғары деңгейде сақталады.