Шымкент қаласының Еңбекші ауданында өткен кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы нәтижесінде 1,5 тоннадан астам күл-қоқыс арнайы полигонға шығарылды, деп хабарлайды 24KZ. Экологиялық науқанға «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы, «Еңбек жасағы» еріктілері және коммуналдық сала қызметкерлері қатысты. Барлығы 70-ке жуық адам жұмылып, табиғатты тазалауға өз үлесін қосты.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жыл басынан бері осындай 25 экологиялық акция өткен. Нәтижесінде 23 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы орындарға жөнелтілген. Игі бастамада тазалық саулық негізі, мәдениет өлшемі екені насихатталды.

Жансұлу Сихамбекова, «AMANAT» партиясы «Еңбек» бастауыш партия ұйымының төрайымы:

- Мәдениет тазалықтан басталады. Таза жерге бала ешқашан қоқыс тастамайды. Сондықтан мен ойлаймын, мектептің айналасы таза болса, бұның балаларға да үлкен тәрбиелік мәні бар. Бірінші кезекте біздің міндетіміз – тек қана тазалау емес, бұл насихаттау.