«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне келушілер саны екі есе өсті. Биыл тек маусым айының өзінде демалуға келгендердің қатары 200 мыңнан асты.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Мәселен, былтыр бүкіл жазғы маусымда паркке 400 мыңға жуық турист келген болатын. Инфрақұрылымды жаңарту және демалушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында биыл 68 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға жаңа пирс салынып, жаяу жүргіншілер жолдары жөнделді. Сондай-ақ бағыт-бағдар көрсететін ақпараттық тақталар орнатылды.

Хамит Ахметов, «Көлсай көлдері» МҰТП директорының орынбасары:

- Негізінен келіп жатқан туристердің ішінен Үнді — Индия елінен, сонымен қатар Қытай елінен көп турист келіп жатыр. Рекреациялық жүктемеге сәйкес егер де осы жағажайды абаттандыратын болсақ, осы инфрақұрылымды дамытсақ, онда Көлсай, Қайыңды жылына 600-700 мың туристті қабылдай алады деп ойлаймыз.