Қазақстанда баланың ұлтын анасы жағынан белгілеу мәселесі қаралатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бұл мәселе бойынша біз Конституциялық соттың нақты ұсыныстарын қараймыз. Мысалы, бұрын баланың ұлты әкесі бойынша белгіленіп келді, бұл проблема бұқаралық ақпарат құралдарында да көтерілген еді. Кандас мәртебесін рәсімдеу кезінде бір қыз анасы – қазақ екенін айтып, өзінің ұлтын қазақ ретінде дәлелдеуі қажет болған жағдай болды. Сондықтан бұл мәселені Конституциялық сотпен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қарастырамыз. Себебі бұл – Ішкі істер министрлігінің құзырындағы мәселе», – деді Жақыпова жұма күні Үкімет кулуарында.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ол баланың ұлтын анасы бойынша белгілеу мәселесі тек кандастарға ғана емес, басқа азаматтарға да қатысты болуы мүмкін екенін атап өтті.