Қанатты барыстай болашаққа бет алған Астана бейнесі – уақыт салып жаңғыра түсуде. Тәжді қаланың әр даму сатысы өнер саңлақтарының еңбегінде, ел жүрегінде сақталып отыр, деп жазады Egemen.kz.
Президенттік орталығында белгілі қазақстандық фототілші, өлкетанушы Нұрмұхаммат Имамовтың «Менің Астанам: өткені мен бүгіні» атты фотокөрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрме Астана күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Экспозицияға Нұрмұхаммат Имамовтың 40 жылдан астам уақыт ішінде «Ақмола правдасы» және басқа да басылымдарда фототілші ретінде еңбек еткен жылдарында түсірілген 300-ден астам архивтік суреттері енгізілген. Фотосуреттерде елорданың қалыптасу кезеңдері, сәулет келбетіндегі өзгерістер, тұрғындардың күнделікті өмірі мен қарапайым адамдардың бейнесі бейнеленген.
Шара барысында сөз алған Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат фототілшінің еңбегіне елеулі баға берді.
«Қазіргі Астана – тек әкімшілік орталық қана емес, ол – бір ұрпақтың Тәуелсіз, дамыған және гүлденген Қазақстан туралы арманын бейнелейтін символ. Елорданың сәулетінде ұлттық дәстүр мен заманауи технологиялар үндесіп, оның тарихында ерлік, еңбек және жасампаздық жатыр. Нұрмұхаммат Имамовтың фотожұмыстары – жай сурет емес. Бұл – өз дәуірінің тынысын сезіне білген адамның көзқарасы, өзгерістерді көріп, тарихты сақтай алған жанның шынайы хроникасы. Оның объективі – бізді онжылдықтармен жетелейтін жол. Бұл көрме өткенге көз жүгіртіп, жүрекпен сезінуге мүмкіндік беретін ерекше оқиға. Ол әрбіріміздің жүрегімізге жол табатынына сенемін», деді ол.
Көрменің ашылуы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды мәдени оқиғаға айналып отыр. Түрлі кезеңдерде түсірілген Имамовтың фотосуреттері қаланың алғашқы даму сәттерінен бастап бүгінгі қарқынды түрде ілгерілеген мегаполиске дейінгі жолды жоғарғы шабытпен, кең ауқымды көрнеліктпен бейнелеген.
«Мен бұрынғы Ақмолинск қаласында, Ақмолинск көшесінде туып-өстім. Имамовтар отбасымен көрші болдық. Сондықтан бұл көрменің ашылуына қатысу – мен үшін ерекше толғанысты сәт. Нұрмұхаммат Имамов тек суретке түсіріп қойған жоқ – ол уақыт рухын сақтап қалды. Оның архиві – әлі толық зерделенбеген тірі тарих. Әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан оның суреттері – нағыз мұра. Онда біздің көшелеріміз, үйлеріміз, таныс жүздер – бәрі жанды. Әр сурет – жүрегіміздің, қаламызға деген махаббатымыздың айғағы. Ол мұның бәрін атақ үшін емес, болашақ ұрпақ үшін жасады. Енді осы істі жалғастыру – біздің парызымыз», деді өлкетанушы, OldAstana жобасының авторы Рафаиль Давлеткильдеев.
Көрме көрермендерге елорданың ресми емес, күнделікті тіршілігін – аулаларын, көшелерін, мерекелер мен қарапайым өмір көріністерін көруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Менің Астанам: өткені мен бүгіні» фотокөрмесі астаналық тұрғындар мен қонақтар үшін 2025 жылғы 10 тамызға дейін Президенттік орталықта өтеді.