Таразда аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сатты деген күдікпен 78 жастағы әже мен оның немересі ұсталды.
Полицейлер туысының үйін тінту барысында 360 грамнан астам улы зат тәркіледі.
Жыл басынан бері өңірде 245 есірткі қылмысы тіркелді. Құқық қорғау органдары тыйым салынған заттар тасымалының жолын кесу бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр?
Тараз түрғыны Нұрлан есірткі сақтап, тұтынғаны үшін 11 жыл бойы түрмеде отырып шықты. Улы затттарға деген әуестікке достарының ықпалы болған. Жазасын өтеу кезінде қателігін түсінгенін айтады.
Нұрлан, қала тұрғыны:
- Героин мен марихуананы қатар тұтындым. Әбден тәуелді боп қалғанмын. Жиі басым ауырып, отбасымда қиындықтар көбейді. Ақырында адамдық кейіптен айырылып, өмірімнің мәні қалмады. Бәрі тек қара мен ақ түсте көрінеді. Өмір өз ағынымен өтіп, шетте қалып қоясың. Жауапкершілікке тартылғанда бәрін ұқтым. Оңалту шараларынан өтіп, дәрігерлердің көмегімен бәрін тастадым.
Синтетикалық есірткіні сақтау және оны сату бабы бойынша әжесі мен немересінің әрекеті әшкере болды. Оларды қолға түсіру кезінде көліктен психотропты заттарды буып түюге арналған зип-пакеттер табылды. Тұрғылықты мекенжайын тінту барысында 365 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді. Полицейлер қылмыстық іс қозғап, 31 жастағы немересін уақытша ұстау изоляторына қамады. Ал әжесіне елден шықпау жөнінде қолхат берілді.
Қанат Белгібаев, ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы орынбасарының м.а.:
Биыл Шу алқабынан есірткіні сыртқа шығармау мақсатында Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстары бағыттарына арнайы топтар қойылды. Олардың жүйелі жұмысының нәтижесінде Шу өңірінен өзге облыстарға есірткі тасымалдаудың 10 арнасы жойылды. 200 келіден астам кептірілген марихуана мен 119 келі гашиш тәркіленді. 10-нан астам адам ұсталды.
Жамбыл облысында есірткінің таралуын тосқауыл қою үшін «Қарасора» жедел-алдын алу шарасы ұйымдастырылды. Маусым айынан бері 27 қылмыс тіркеліп, заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі тәркіленді. «Есірткісіз болашақ» жобасы аясында интернетте 3800-ден астам аккаунт бұғатталды.
Ермек Манапов, облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры:
- Есірткіні анықтау 8,2%, оларды өткізу 6% артты. Сонымен қатар есірткі заттарын тәркілеу 19,3%. Облыс прокуратураның үйлестіруімен 1 ұйымдасқан қылмыстық топ және 10 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, тоқтатылды. Есірткі жеткізудің 1 халықаралық және 17 аймақтық арнасының жолы кесілді.
Дала төсінде өсетін қарасораны жою жұмыстары да күшейтілді. Мамандар оның таралу аймағын көрсететін жаңа карта жасақтады. Зерттеу нәтижесінде алқаптың екі есе азайғаны анықталды. Қазір өсімдік түрі 62 мың гектар жерді жайлаған. Арнайы топтардың көмегімен жыл сайын қарасора алқаптары өртеледі.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Элдар Байділда