Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков өзінің депутаттық сауалын Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдады. Ол қарапайым еңбек адамдарының мәртебесі мен жағдайы туралы мәселелерді қозғады, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет басшысы 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы», яғни еңбек адамы жылы деп жариялауы – маңдай терін төгіп, тіршіліктің тынысын қамтамасыз етіп отырған қарапайым жұмысшыларға деген құрметтің биік белгісі екенін атап өткен Т.Серіков кез келген мекемедегі еден жуушы, техникалық қызметкер, гардеробшы, қарауыл, вахтер, аула сыпырушы секілді жұмысшылардың мәртебесі мен жағдайы қазіргі таңда өзекті екеніне тоқталды.

«Бүгінде бұл санаттағы қызметкерлердің еңбекақысы еліміздегі орташа жалақы көрсеткішінен әлдеқайда төмен. Көп жағдайда олар ауыр физикалық еңбекпен айналыса тұра, әлеуметтік жеңілдіктерден, кәсіби қорғаудан және көтермелеуден тыс қалып жатады. Егер осы қызметкерлер бір күн жұмыс жасамаса көше ластанып, мекеме іші кірленіп, жиһаздар шаң болып біз күнделікті көріп жүрген тазалықтың сәні кетер еді. Біз неге осыған мән беріп қарамаймыз? Аула сыпырушы, техникалық қызметкерлердің еңбек ақысы аз, жеңілдік жоқ, тіпті адамдар арасында қарапайым еден жуушы деп менсінбей қараушылық басымырақ. Бүгінде бұл санаттағы еңбеккерлердің жалақысы төмен», деді депутат.

Депутаттың айтуынша олардың әлеуметтік мәртебесі нақты айқындалмаған, сауықтыру мен тынығуға мүмкіндігі шектеулі, кәсіби дамуға жағдайы қарастырылмаған.

«Ал енді осы қызметкерлердің мәртебесін қалай көтереміз? Ол үшін кез келген мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелер осы санаттағы қызметкерлерге жылына бір рет тұрақты түрде мекеме есебінен санаторийге жолдама және 13 ші жалақысын беру керек. Сонымен қатар еңбек демалысына шыққанда 2 айлық емдік пособиясын беру қажет. Себебі оларда онсыз да еңбек ақысы аз. Және міндетті түрде қайта даярлау және кәсіби даму курстарына ақысыз қатысуына жағдай жасау керек. Бұл- оларға мамандықтарын өзгертуге мүмкіндік береді. Ал зейнетке шыққан ардагерлерге мекеменің арнайы құрметті атағы не марапатын енгізу қажет», деді Мәжіліс депутаты.

Таңсәуле Ғабдыманапұлының сөзінше күн сайын тап-таза кеңсеге, таза жолға, жылы қарсы алуға үйренгенбіз. Бірақ сол тазалық пен тәртіптің артында үнсіз жүрген мыңдаған еңбек адамы бар екенін естен шығармауымыз керек. Бұл – тек материалдық емес, адамгершілік пен әділеттіліктің де мәселесі.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» бос ұранға айналмай, нақты істермен көрініс табуы тиіс. Оған алғашқы қадам – ең төменгі буында еңбек етіп жүрген осы мамандарға қамқорлықтан басталуы қажет», деп айтқан депутат бірқатар ұсыныстарын айтты.

«Аталған санаттағы қызметкерлерге еңбекақыны арттыру. Оларды «қоғамдық маңызы бар жұмысшы» ретінде заңнамалық тұрғыда атау беру. Жыл сайынғы мемлекеттік квота арқылы тегін сауықтыру шипажайларына (санаторий) жолдама беру жүйесін енгізу – бұл олардың денсаулығын қалпына келтіріп, қоғамдағы қадір-қасиетін арттыратыны анық. Мамандарды оқыту, қайта даярлау және кәсіби даму курстарына ақысыз қатысуына жағдай жасау. Ардагер техникалық қызметкерлерге (зейнетке шыққан еден жуушы, аула сыпырушы, гардеробшы, т.б.) арналған құрметті атақ немесе төсбелгі енгізу мүмкіндігін қарастыру», деп ұсыныстармен түйіндеді «Ауыл» партиясы фракция депутаттары атынан Таңсәуле Серіков.