Батыс Қазақстан облысында соңғы бес айда 9 жасөспірім суицид жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 80%-ға көп. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бірнеше жауапты орган бірігіп, іс-шаралар жоспарын құрды. Прокурорлар мұндай қылмыстың полиция тарапынан жіті тергелуін, зерттелуін мұқият қадағалайды. Былтыр 4 қылмыстық іс қайтадан тергеп-тексеру үшін кері қайтарылған. Сондай-ақ прокуратура мектепте психолог мамандардың тапшылығына алаңдаушылық білдірді. Олардың 47%-ы сырттай білім алған, ал 18 %-ы үш жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас мамандар екендігі анықталды. Тиісті сала басшыларына психологтардың штат санын ұлғайту, жалақыларын көбейту, олардың жұмысына әділ баға беру ұсынылды. Өңір прокурорлары ғаламторда суицидті насихаттайтын түрлі платформаларға мониторинг жүргізіп, күмәнді сілтемелерді бұғаттады.

Жанар Иманғалиева, облыс прокурорының аға көмекшісі:

Оқу-ағарту министрінің 224-ші бұйрығының талаптары бұзылып, білім беру ұйымдарында психологтар штатының тиісті түрде қамтамасыз етілмегіндігі анықталды. Прокуратураның талдауы нәтижесінде психологтардың штат бірлігі сәйкестендірілді. Мониторинг барысында анықталған 30 сілтеме арнайы «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне бұғаттау үшін енгізілді.

Ардақ Мұратқызы