Ақтауда жүгіру марафоны өтті. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырған қайырымдылық шараға бір мың адам қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Сауапты істен жиналған 5 млн теңге Жаңаөзен қаласындағы ерекше балаларды оңалту орталығына берілді.
Қайырымдылық шараға қатысушылар таңсәріден жағалауға жиналды. «Мunaily Marathon» алдында жаттығу жасап, бой сергітті. Одан әрі 5 және 10 шақырымға жүгіруден жарыс жолына түсті. Жеңімпаздар бірнеше аталым бойынша анықталды. Соған орай қызметтік киім киіп, қолға музыкалық аспап ұстап жүгіргендер көрермен ықыласына бөленді.
Батырхан Марданов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясының қызметкері:
- «Үздік киім» деген номинацияға қатысып және 5 шақырым саксафонда ойнауды өз-өзімен мақсат қойып, соны жүгіріп келгеніме өте қуаныштымын.
Меруерт Жалғасбаева, «KMG EP-Catering» серіктестігінің аспазы:
- Біздің мекемеміз тамақ саласында жұмыс істейді. Сол үшін осындай креативті болып, киім үлгісін таңдадық.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткен жарысқа «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамына еншілес мекемелердің ұжымы, кәсіби спортшылар мен қала тұрғындары белсене атсалысты. Ұлттық компания басшысы Асхат Хасенов әр қатысушыға алғысын жеткізіп, марафонды ауызбіршіліктің әрі әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісіне теңеді.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұдан да көп адам жазылғысы келді. Бірақ ұйымдастырушылардан арнайы регламент болғандықтан, оған мың адам қатысты. Былтыр да, биыл да марафонның мақсаты – бұл қайырымдылық. Жиналған қаражат Жаңаөзен қаласының «Балақай» ерекше балаларға арналған оңалту орталығына жұмсалатын болады.
Жүгіру марафоны жыл сайын Ақтауда өтіп жүр. Өйткені «ҚазМұнайГазға» еншіліс кәсіпорындардың көбі Маңғыстауда шоғырланған. Ұлттық компания бұқаралық спорттың дамуына тұрақты қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларға өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ өңірлерде әлеуметтік жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев